Тоқаев: Қазақстан мен Ресей арасында күрделі мәселелер жоқ

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша - Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен өткен шағын құрамдағы келіссөздердің нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан мен Ресей президенттері Ақордада шағын құрамда кездесті. Одан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізуге кірісті.
"Жаңа ғана біз шағын құрамда жан-жақты әрі іскерлік атмосферада күн тәртібіне кіретін барлық дерлік мәселелерді талқылап шықтық. Ал біздің күн тәртібіміз кең, меніңше, ортақ пікірге келдік. Үкіметтерге тиісті тапсырма бердік. Алда үлкен жұмыс тұр. Әрине, мен президент ретінде бұл жұмысты бақылайтын боламын. Себебі дәл Ресей Федерациясымен ынтымақтастық дамытуға бірінші кезекте көңіл бөліп отырамын", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, екі елдің арасында ешқандай мәселе жоқ. Ал ынтымақтастық дамыту кезінде президенттер мен үкіметтер көңіл бөлетін мәселелер болады. Дәл сол мәселелерді шешу үшін президенттердің сапары ұйымдастырылады.
"Біздің ынтымақтастығымыз өрлеп келеді, қайтпайтын динамикаға ие болды. Әрине, біздің міндетіміз – осы ынтымақтастығымыздың қарқынын төмендетпеу. Сауда-саттық сәтті дамып, инвестициялық ынтымақтастығымыз тереңдей түсуі керек. Әрине, мәдени-гуманитарлық байланыстар да өрлей беруі керек", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Путиннің Қазақстанға сапары аясында 20 келісімге қол қойылады