Путин Тоқаевты Мәскеуге шақырды

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуге, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға Мәскеуге келуге шақырды.
Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
"Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Біз достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз", – деді Владимир Путин.
Еске сала кетейік, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайынан қарсы алды.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөз жүргізеді. Мемлекет басшылары сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылайды.
Сондай-ақ екі президент Уфада өтіп жатқан Ресей мен Қазақстанның ХХ өңіраралық ынтымақтастығы форумының пленарлық отырысына қатысушыларға бейнебайланыс арқылы сөз арнайды деп жоспарланып отыр.
28 қараша Ресей басшысы Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады.
Тоқаев: Қазақстан Ресейдің стратегиялық серіктесі болып қала береді