Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Германияның экс-канцлері Еуроодақты Украина мәселесінде ойланып қадам жасауға шақырды

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Еуроодақ Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануын ескере отырып, Украинаға қатысты дипломатиялық шешімдердің қандай болуы мүмкін екендігі туралы ойлануы керек, деп мәлімдеді Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель.
Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркельдің "Бостандық" атты естелік кітабы сейсенбі күні сатылымға шықты.
"Мен бұл кітапта Украина ғана емес, оған көмектесетін және қолдайтын тараптар да дипломатиялық шешімдердің қандай болуы мүмкін екендігі туралы ойлануы керек деп жаздым. Менің ойымша, Дональд Трамп қаңтарда президент қызметіне кіріскенде, Украинаны қолдайтын еуропалықтардың өздері үшін ненің мүмкін болатынын, ненің өздері үшін қолайлы және ненің қолайсыз болатынын түсінуі маңыздырақ. Менің көзқарасым бойынша, бұл өте маңызды болар еді", - деді Меркель өз кітабының таныстырылымында.
Трансляцияны немістің Zeit газеті YouTube-тегі каналында тікелей эфирде көрсетті.
Zeit басылымы бұған дейін экс-канцлердің кітабынан біраз үзінді жариялаған болатын. Атап айтқанда, Меркель өзіне және бауырларына барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасаған ата-анасын сүйіспеншілікпен еске алады. Сонымен бірге Меркель өзі өскен ГДР туралы жағымсыз естеліктерін бөліседі. Атап айтқанда, физиканы оқып жүрген марксизм-ленинизм дәрісінен қуылған сәтін жазған.
Естеліктердің басқа бөліктері Молдова мен Украинаны альянсқа қабылдау мәселесін кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған 2008 жылғы НАТО-ның Бухарест саммитіндегі оқиғаларға арналған. Ол естеліктерінде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президент сайлауында тағы да жеңіске жеткен Дональд Трамп туралы да жазған.