Бүгін Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келеді

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин 27-28 қарашада мемлекеттік сапармен Қазақстанда болады. Ресей басшысы Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысады.
Мемлекеттік сапар барысында Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өткізеді. Келіссөз барысында Ресей-Қазақстан стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау жоспарлануда. Бұл ретте Қазақстанның биылғы жылы ҰҚШҰ-ға, Ресейдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен БРИКС-ке төрағалығы ескеріледі.
Келіссөздер нәтижесінде мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, сондай-ақ бірқатар үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады.
Екі елдің президенттері Уфада өтіп жатқан Ресей мен Қазақстанның ХХ өңіраралық ынтымақтастығы форумының пленарлық отырысына қатысушыларға бейнебайланыс арқылы сөз арнайды.
Сондай-ақ 28 қарашада Қазақстан президентінің төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі отырысы өтеді. Қатысушы елдердің делегациялары аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылайды, биыл ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың қорытындысы шығарылып, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады.
Еске салайық, Ресей президенті бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін осы жылдың 3 шілдесінде Қазақстанға келген болатын. Саммит аясындағы келіссөз барысында Тоқаев Путинді биылғы жылдың қарашасында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.