АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Қазақстандық Даниил Фроловский студенттер мен аспиранттар арасындағы IX Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауында жеңімпаз атанды.
Астанадағы Русский дом жеңімпаз туралы толығырақ айтып берді. Даниил Фроловский – Томск мемлекеттік университетінің физика факультетінің аспиранты. Ол "Физика және астрономия" секциясында бірінші орынды иеленді. Байқаудың іріктеу кезеңіне барлығы 3 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Даниил 350 финалистің қатарында болды.
Самарада өткен "Болашақтың ғылымы – жастардың ғылымы" атты IX Бүкілресейлік жастар ғылыми форумындағы қорытынды таныстырудан кейін оның космологиялық инфляция үлгілеріндегі алғашқы қара шұңқырлар мен индукциялық гравитациялық толқындардың қалыптасуы жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысы үздік деп танылды.
Енді Даниил 2024 жылдың 27-29 қарашасында Сочидегі "Сириус" федералды аумағында өтетін жас ғалымдардың IV конгресіне барады. Жас ғалым Солтүстік Қазақстан облысының Келлеровка ауылынан шыққан. Ол 7-сыныптан бастап физика-математикаға қызығушылық танытып, сол кездің өзінде-ақ осы бағыттар бойынша ғылыми ізденіспен айналысқысы келетінін түсінген. 2018 жылы Даниил жергілікті мектепті бітірді, сонымен бірге МФТИ-дің сырттай физика және техника мектебінде онлайн оқиды. Жақсы дайындықтың арқасында Томск мемлекеттік университетіне ішкі емтихандар арқылы оқуға түсу оған оңай болды.
"Оқуға түсу қиын болған жоқ, мен ешқандай қиындық көрмедім. Дегенмен, оқуды бастағанда шамам жетеді ме деп біраз уайымдадым. Бірақ, оқуыма көмектесіп, тәлімгерлік еткен ұстаздар мен аға буын өкілдерін кездестірдім. Нәтижесінде мен барлық емтиханды беске тапсырдым және жоғарылатылған стипендияға ие болдым", - деді Даниил.
Қазіргі уақытта ол электр физикасы саласында жұмыс істейді және оның жұмыстары халықаралық беделді ғылыми журналдарда жарияланған. Даниил университеттен, Ресей үкіметінен, түрлі қорлар мен ұйымдардан жоғарылатылған шәкіртақы алады.
"Менің шетел азаматы болуым бұған ешқандай әсер етпейді, өз тәжірибеме сүйене отырып, мен шетелдік студенттерге осында келуге кеңес бере аламын, өйткені бұл жерде мүмкіндіктер көп. Университеттегі тату және қол созуға бейім орта оларға көмектеседі", - деді Даниил.
Оның ғылыми жұмысының нәтижелері Ресей Ғылым академиясының медалімен, сондай-ақ басқа да марапаттар және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, аспирантураның барлық кезеңінде Даниилге ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған "БАЗИС" теориялық физика мен математиканы дамыту қорының жеке гранты берілді. Қазіргі таңда дарынды физик Жапония, Германия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Бельгия ғалымдарымен бірлескен жобаларға белсене қатысуда. Астанадағы Русский дом да Даниилды жетістігімен құттықтады.
"Біз дарынды физикті жеңісімен құттықтаймыз және оған өзі туралы, оның жетістікке жету жолы туралы айтып беріп, болашақ студенттерді баатыл жоспарларға шабыттандыруға келіскені үшін алғыс айтамыз", - деп хабарлады Астанадағы Русский дом.