АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Депутат Ермұрат Бәпи мұнай саласындағы тиімсіз сауда-саттықты тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін сыртқы нарықта шетелдерде тіркелген әртүрлі компаниялар саудалайды. Оны журналистердің халықаралық тексеру консорциумы да растап отыр.
"Мәселен қазақ мұнайын әлемдік нарықта саудалайтын ең ірі "Vitol" компаниясы Швейцарияда тіркелген. "ҚазМұнайГаз Трейдинг" компаниясы да сол Швейцарияның резиденті. Сол сияқты "ТеңізШеврОйл" өндіретін Теңіздің мұнайын Нидерланды елінде тіркелген "ҚазМұнайГаз-Финанс" трейдері экспорттық саудаға шығарады. Қашағанның мұнайын тағы бірнеше шетелдік компания экспорттайды "ЕуразианОйл" мен "ПетроЧайна Интернешнл" сияқты трейдерлер де Сингапурда тіркелген", - деді Бәпи мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Оның айтуынша "Vitol" сауда-трейдерлік компаниясының иесі – олигарх Тимур Құлыбаев.
"22 шет мемлекетте тіркелген 200-ден астам компанияда Тимур мен оның командасының үлесі бар екен. Тойым қайда? Қанағат қайда? Халыққа да бірдеңе қалдыру керек қой! Жуықта Тимур Құлыбаев тағы да 500 миллиардтан астам активті ақшалай қайтарып берді деген сыбыс бар. Бір миллиард доллар бағамына сәйкес бұл актив Тимурдың компаниялар тобы 20 жылдан астам уақыт бойы шетке шығарған байлықтың оннан бір бөлігі болар ма екен?", - деді депутат.
Бүгінде мұнай СВОП сауда тәртібі бойынша шекараға дейін ішкі қазақстандық нарықтың бағасымен сатылады да, шекарадан ары қарай мұнайдың әлемдік бағасы бойынша саудаланады. Екі арада маржа шет елдерде тіркелген трейдердің пайдасына түседі немесе офшорлар мен шетелдік банктерде қалып қояды.
"Бізде мұнай өндіретін ұлттық компаниямыз бар; мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайтын ұлттық оператор бар. Ендеше сол өнімді сыртқы нарықта саудалайтын бірегей ұлттық орталық неге жоқ? Біз осындай ортақ орталық құрғанда ғана шикізат экспортын халықтық мүдде тұрғысында реттеп, бюджеттің түсімін түгендей аламыз", - дейді Бәпи.