АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы аудандардың бірінде 13 жастағы оқушы мектепке жарылғыш зат қойдым деп әзілдеген, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Аудандық кезекші бөлімге мектепте жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама түскен. Мектепті полиция қызметкерлері мен кинолог мамандар тексерген, алайда ақпарат жалған болып шыққан.
"Жедел іздестіру кезінде күдікті анықталды, ол осы мектептің 13 жастағы оқушысы екен. Жасөспірім жалған хабарламаны әзілдеу үшін таратқанын айтты", - дейді ведомство.
Оқушы мен оның заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Олар кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
"Террористік актілер туралы жалған хабарлама таратқаны үшін 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, ал 14 жасқа толмаған жағдайда балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады", - дейді полиция.