Мемлекетке қайтарылған 2 млрд теңгеге Атырауда мектеп салынады

Sputnik
АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Заңсыз иемденілген активтер есебінен қайтарылған қаражатқа Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектеп мектеп салынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен еліміздің өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.
"Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады", — делінген хабарламада.
Оқу жылы басталғаннан бері елімізде 106 жаңа мектеп ашылды