АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға жанар-жағармайдың импортын қай кезде тоқтатуға болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Биыл жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі 10,9 млн.тонна (автобензин – 5,1 млн тонна, авиаотын – 0,6 млн тонна және дизель отыны – 5,2 млн тонна) болады деген жоспар бар. Бірақ соның бәрі ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан бүгінде жанар-жағармай мен битум тапшылығының алдын алу үшін қосымша өнім Ресейден жеткізіледі.
Мәселен, биыл шамамен 1,0 млн.тонна (автобензиндер – 0,285, авиаотын – 0,3, дизель отыны – 0,45) және битум – 0,5 млн. тонна көлемінде жеңіл мұнай өнімдері импортталады деген жоспар бар.
“2032 жылы жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 19,0 млн.тоннаға дейін (автобензиндер – 8,2, авиаотын – 1,5 және дизель отыны – 9,3) және битум өндіру 2,5 млн. тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл жағдайда импорт тоқтатылады және артық жанар-жағармай экспорты басталады”, - деді Сәтқалиев мәжілістегі үкімет сағатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, артық өндірілген жанар-жағармайдың кем дегенде 10 процентін экспортқа шығаруға болады.