Ақтөбе облысында балабақша бухгалтерлері 54 млн теңге жымқырған

Sputnik
АЛМАТЫ, 25 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында бюджет қаражатын жымқырған балабақша бухгалтері 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған.
""Балауса", "Гүлдер", "Шапағат" және "Арай" балабақшаларының бухгалтерлері басшыларының атынан құжаттарға қол қойып, өздерінің есеп-шоттарына заңсыз ақшалар аударған. Бухгалтерлерге қатысты ҚК-тің 189-бабының 2 және 4-бөліктері "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүрді", - дейді ведомство.
Нәтижесінде "Шапағат" және "Арай" балабақшаларының бухгалтерлері жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам шығынды өтегендіктен қылмыстық іс тоқтатылған. Ал "Балауса" және "Гүлдер" балабақшаларының бухгалтері 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгендіктен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жемқорлық жайлы хабарлаған азаматтарға 14,7 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі