Қостанай облысында пошта қызметкері зейнеткерлердің атына кредит рәсімдеген – видео

Жалпы материалдық шығын 2,3 млн теңгеден асқан
Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Қостанай облысында зейнеткерлердің атына заңсыз кредит рәсімдеген пошта тасушының алаяқтық әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Күдікті әйел зейнеткерлерден хатты алғанын растау қажет, я болмаса, зейнетақы жинақтарын алу тәртібін жеңілдету керек деген желеумен суретке түсіріп жүрген. Одан кейін мобильді қосымшалар арқылы заңсыз кредит рәсімдеген. Қостанай ауданында оған бес зейнеткер алданды.
"Мәселен, екі зардап шегушінің әрқайсысына 1 млн теңгеден кредит, ал қалғандарының атынан шағын несие рәсімдеген. Жалпы материалдық шығын 2,3 млн теңгеден асты", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.