Қазақстанда алғаш рет ұсталған есірткі курьерлерінің жазасы жеңілдеуі мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Мәжілістегі "AMANAT" партиясының фракциясы есірткі бизнесіне қатысты заңнаманы жетілдіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Фракция депутаттары есірткі бизнесі үшін ұсталған полицейлерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды. Ал бірінші рет ұсталған есірткі курьерлерін жазасын жеңілдетуге болады. Мемлекет басшысы да ірі есірткі қылмыскерлері мен ұсақ закладчиктерге бірдей көзқарас танытпау қажеттігін айтқан.
Мәжіліс спикері, "AMANAT" партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, осы мақсатта есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бойынша түзетулер әзірленіп, бірінші оқылымда қабылданды.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адамның 1300-ге жуығы - закладчиктер.
"Олардың арасында жасөспірім балалар, қаржы қыспағына іліккен жастар көп. Аталғандардың алды 10 жылдан астам бас бостандығынан айырылып отыр. Шынтуайтында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндірушілер мен закладчик-жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсысын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыру қажет", - деді Қошанов.
Ал есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар құқық қорғаушылар наркобарондарға теңестіріледі. Оларға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін ең ауыр жаза қолданылуы қажет.
Есірткі мәселесі ушығып барады - Тоқаев