Жылуға жұмсалған 768 млн теңге қазақстандықтарға қайтарылады

Артық төлем тұтынушылардың дербес шоттарына қайтарылады
Sputnik
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Жылуға жұмсалған 770 миллион теңгеге жуық қаражат қазақстандықтарға қайтарылады, деп хабарлайды Finprom.kz порталы.
Қазақстанның табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес табиғи монополия субъектісі сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясын беру бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет құнын қайта есептеуге міндетті.
Жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызметтің құнын тікелей тұтынушыларға қайта есептеуге міндетті. Ал тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жылу ақысын жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет ақысын төлеген кезде тарифті төмендету жолымен қайта есептейді.
"Осылайша, жылумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін табиғи монополия субъектісі есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға 2023/2024 жылдарда жылу энергиясы үшін төленген төлемақыны қосымша құн салығын ескере отырып, жалпы сомасы 768,2 млн теңге мөлшерінде қайтарады", - делінген хабарламада.
Аймақ бойынша:
ШҚО – 354,5 млн теңге
Алматы — 95,4 млн теңге
Маңғыстау – 60,9 млн теңге
Қызылорда – 38,6 млн теңге
Ақтөбе – 37,7 млн теңге қайтарылады.
Ал Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін өзге тәсіл қолданылады, себебі жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет құны сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп есептеледі.
Артық төлем тұтынушылардың дербес шоттарына қайтарылады.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық бөлімшелері бүкіл Қазақстан бойынша жылу энергиясын есептеу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеді.
Бүгінде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді есептеу құралдарымен жабдықтау деңгейі шамамен 75%-ды құрайды.
Астаналықтар жылуға 3 млрд теңге артық төлеген