АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовпен кездесу өткізді, деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі.
Келіссөз барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру мәселесін және ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру келешегін қарастырды.
ЕЭК алқасының төрағасы ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауданы дамыту, трансшекаралық мәмілелерді жүргізу тәртібін жеңілдету, өзара инвестициялардың өсуіне ықпал ету ортақ нарықтың мақсаттары екенін айтты.
"ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру капиталды тиімді бөлуді қамтамасыз етуге, қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестікті арттыруға, өзара рұқсаттағы кедергілерді жоюға, бизнес пен халықтың қаржы өнімдеріне кеңінен қол жеткізу үшін қолайлы жағдай жасауға, инвесторлар мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Осы міндетті жүзеге асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия ұйымға мүше мемлекеттермен бірлесіп жүйелі жұмыс жүргізіп, халықаралық келісімдердің тұтас кешенін дайындауда.
Келіссөз нәтижесінде Бақытжан Сағынтаев пен Тимур Сүлейменов жұмыс байланыстарын жалғастыруға және ұйымдар арасындағы тәжірибелік өзара іс-қимылды дамытуға келісті.