Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Бельгия Украинада жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға қарсы

Sputnik
АСТАНА, 22 қараша - Sputnik. Бельгияның сыртқы істер министрлігі жаяу әскерге қарсы миналар қақтығыс аяқталғаннан кейін де зиян келтіретінін еске салып, АҚШ-тың осы қару түрін қолдануға Украинаға рұқсат бергеніне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Бельгия сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлады РИА Новости.
"Бельгия Украинадағы жаяу әскерге қарсы миналардың қолданылуына алаңдаулы. Жаяу әскерге қарсы миналар қақтығыс аяқталғаннан кейін де бейбіт тұрғындарға зиянын тигізетін қару болып табылады. Бельгия осы қаруларға тыйым салатын Оттава конвенциясын қолдайтынын растайды және барлық мемлекетті осы конвенцияны құрметтеуге шақырады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Пентагон басшысы Ллойд Остин АҚШ Украинаға жаяу әскерге қарсы миналарды жеткізе бастағанын растап, бұл қадам шабуылдарды жаяу бөлімшелерді қолдану арқылы бастайтын ресейлік әскердің тактикасына жауап ретінде жасалғанын айтқан. Украина жаяу әскерге қарсы миналарды пайдалануға, жинақтауға және өндіруге тыйым салатын Оттава конвенциясын 2005 жылы ратификациялады. Ресей мен АҚШ конвенцияға қатыспайды.
Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының ресми өкілі Элизабет Троссел жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салатын Оттава конвенциясына қол қойған мемлекеттерге минаның бұл түрін пайдалануға тыйым салынады, Украина құжатты 2005 жылы ратификациялаған деп мәлімдеді.