АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында болған өрттің видеосы желіде тарады. Өрт сөндірушілер келгенше көршілер екі баланы көрпемен қағып алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, төтенше жағдай Ақсай қаласында болған. Көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтер өртке оранған.
"Өрт сөндірушілер оқиға орнына үш минуттың ішінде барды. Ол кезде пәтер толығымен өртке оранған. Өрт сөндірушілер келгенше екі баланы терезеден төменде жүрген көршілерге лақтырып жіберген", - дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.
Ал құтқарушылар жанып жатқан пәтерден бір әйелді алып шықты. Сондай-ақ, басқа пәтерлерде тұратын 12 адам, соның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Тілсіз жау 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Қазіргі кезде өрттің себебі анықталып жатыр.
Айта кетері, әлеуметтік желіде тараған видеода бір бала терезеден өзі секіргені анық көрінеді. Ал екінші баланы біреуі лақтырып жіберген. Оларды төменде жүрген адамдар көрпемен қағып алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпарат бойынша жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен 3 адамды Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді.
"Қазіргі уақытта 2020 және 2016 жылғы екі ер бала, сондай-ақ 1981 жылғы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Қажетті емін алуда", - дейді дәрігерлер.