Абай облысында мектеп қазандығы жарылды

1 адам зардап шекті
Sputnik
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Абай облысы Үржар ауданындағы орта мектептің жеке тұрған қазандығы жарылды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, 22 қарашада Үржар ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің бөлек орналасқан қазандығында жарылыс болған. Алдын ала дерек бойынша бұған жылу жүйесіндегі айналымның бұзылып, қазандықтағы қысымның көтерілуі апатқа себеп болған.
"Жарылыс салдарынан 18 шаршы метр алаңдағы қазандықтың шатыры жартылай опырылған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр. 54 жастағы от жағушы 2-3-дәрежелі күйік алды. Қазіргі уақытта ол аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды. Жағдайы тұрақты", - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
943 оқушы оқитын мектепте сабақ тоқтатылған жоқ. Резервтік қазандықтың арқасында мектепке жылу беріліп жатыр. Демалыс күндері жаңа қазандық орнату жоспарланған.