АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Түркістан облысында полиция жарылғыш зат туралы жалған хабарлама берген кәмелетке толмаған оқушыны тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияға белгісіз біреу қоңырау шалып, Жетісай ауданындағы оқу орындарының бірінде жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарланған.
Оқиға орнына шұғыл түрде арнайы қызметтер шығып, оқушылар мен мектеп әкімшілігін эвакуациялады. Тексеру кезінде хабарлама жалған болып шықты.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының полицейлері жарылғыш құрылғы туралы хабарлаған кәмелетке толмаған 11-сынып оқушысын анықтады.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 14 жасқа толған адамдар бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.