АСТАНА, 21 қараша – Sputnik. Қазіргі уақытта Жоғарғы есеп палатасының қайырымдылық қорларын тексеруге құзіреті жоқ, деп мәлімдеді Әлихан Смайылов парламент кулуарында.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда ведомствоның қызмет аясы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектормен шектелген.
"Бірақ жаңа Бюджет кодексіне палатаның өкілеттіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізілді", - деді Смайылов.
Оның айтуынша егер түзетулер қабылданса, палата мемлекеттің қатысуымен құрылған бюджеттік емес қорларды да тексере алады.
Перизат Қайрат ұсталды
14 қараша күні "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорының негізін қалаушы қазақстандықтардың көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жіберген ерікті қайырымдылық қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.
Кейінірек Қаржы мониторингі агенттігі палестиналықтарға гуманитарлық көмек үшін жиналған қаражатты жымқырудың екінші эпизоды бойынша тергеу жариялады.