Астанада шенеунікке 260 мың теңгеге жуық айыппұл салынды

Ол кәсіпкерге қатысты заңсыз салық актісін шығарып, шот-фактураларды жазуға шектеу қойған
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Астана қаласы Байқоңыр ауданының Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Ол кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Атап айтқанда кәсіпкерге қатысты заңсыз салық актісін шығарып, шот-фактураларды жазуға шектеу қойып, оның қызметін тоқтатуға мәжбүрлеген.
"Нәтижесінде сот құқық бұзушыға 258 440 теңге көлемінде айыппұл салды", - деп жазылған Антикордың хабарламасында
Жалпы, биыл кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін 26 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Биыл 179 іс бойынша 20 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды және оларға көмек көрсетілді.