АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ұйымның негізгі мақсаты – орыс тілін халықаралық ұйымдарда ілгерілету.
"Бүгінде әлем бойынша алты халықаралық тіл бар. Оларда өздерінің ілгерілету мен насихаттау ұйымдары бар. Ал орыс тілінде жоқ. Сол себепті осындай халықаралық ұйымды құруға ұсыныс жасалды. Біз сыртқы саясатымызда бірнеше халықаралық ұйымдарда коммуникацияны сақтап қалу үшін осы ұйымға қосылып отырмыз. Бірақ біздің ішкі саясатымызға, қазақ тілінің мәртебесіне, жалпы тіл саясатына ешқашан ықпалы болмайды. Саяси астары да, ішкі саясатқа ешқандай қатысы да жоқ", - деді Нұрбек журналистерге берген сұхбатында.
Парламент орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру шартын ратификациялағаннан кейін оған президент қол қоюы қажет. Осыдан кейін алты елдің министрі жиналып, ұйымның құрылымына қатысты шешімдерді қабылдайды.
"Негізгі шаралар келесі жылдың басында басталады. Ұйымға мүше мемлекеттер оған ақша құяды. Қазақстан 43 млн теңге салады. Министрлер конференциясы ұйымның жоғарғы органы болады. Содан кейін басқарушы кеңес пен хатшылық құрылады. Ал ұйымның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасады. Біздің атымыздан әрбір органда міндетті түрде бір адам болады", - деп атап көрсетті Нұрбек.
Айта кетері, орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД саммитінде көтерді.