АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстан Батыстың санкцияларының салдарынан қауіптенсе де, Ресеймен жұмыс істей береді. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"Қазақстан мен Ресей арасында нақты түсіністік бар. Біз өз ұстанымымызды басқа серіктестерімізге де жеткізгіміз келеді. Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық әріптестік бар. Біз – ең жақын көршіміз. Сондықтан соңғы бірнеше жылда тұрақты өсіп келе жатқан тауар айналымы біздің Ресеймен жұмыс істейтініміздің айқын дәлелі", - деді Абаев брифингте.
Сонымен бірге дипломат қазақстандық компаниялардың санкцияға ұшырағысы келмейтінін айтты.
"Әрине, қазақстандық компаниялар санкцияларға ұшырағысы келмейді. Өйткені кез келген санкция тікелей немесе жанама түрде қызметті шектейді", - деді ол.
Абаев Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы, өнеркәсіптік кооперация, инвестиция саласындағы өзара іс-қимыл тұрақты түрде артып жатқанын да мәлімдеді.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдың өсуі – өнеркәсіптік кооперацияның, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өсу – тұрақты өсімді көрсетуде. Өткен жылы 27 миллиард доллар көлемінде сауда айналымының рекордтық деңгейін көрсетті. Осы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштер өткен жылғымен бірдей", - деді елші брифингте.
Ол шетелдіктердің қатысы бар 42 мың қазақстандық компанияның жартысына жуығы ресейлік фирмалар екенін айтты.
"Шетелдіктердің қатысы бар 42 мың компанияның жартысы – Ресейдің компаниялары, іс жүзінде олардың саны – 19 мың", - деді Абаев.