АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстан – Орталық Азияда экономикалық даму тұрғысынан жетекші ел. Бұл туралы Мажарстан президенті Тамаш Шуйок мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропадағы алғашқы елшілігі осыдан 30 жыл бұрын Будапешт қаласында ашылғанын атап өтті.
"Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Мұны ерекше атап өту керек. Менің осы сапарым көпқырлы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстан мен Мажарстанның ниетті екенін көрсетеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, энергетика, көлік-логистика, металлургия, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларды дамыту мәселесінде екі елдің мүдделері сай келеді.
Тамаш Шуйок Қазақстан мен Мажарстан географиялық тұрғыдан алшақ жатқанымен, қос халықтың тарихы мен мүддесі ортақ екенін айтты.
"Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылыққа зор үлес қосып келеді. Бүгінде елдеріміз көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға және тұрақты байланыстарды ілгерілетуге күш салып отыр. Біздің мәдени қарым-қатынасымыз ғасырлардан тамыр тартады. Мажарлар қазақтардың тұрмыс-салтымен жақсы таныс. Алматы қаласының атауы біздің ана тілімізде әуезді естіледі. Өйткені халқымыз алманы "алма" деп айтады", – деді Мажарстан президенті.
Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми байланысты жандандыру, қос халықтың тарихи тамырластығын терең зерттеу қажет екеніне назар аударды.