Елшілік қазақстандықтарды Украинадан кетуге шақырды

Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдары жиіледі
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Қазақстан азаматтарына Украинадан кету мүмкіндігін қарастыру ұсынылды, деп хабарлады Қазақстанның Украинадағы елшілігі.
"Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдарының жиілігінің артуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігі Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтардан шығу немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады", - деп жазылған хабарламада.
Елшілік барлық азаматты әуе шабуылы туралы ескертуді елеусіз қалдырмауға және дереу баспаналарға баруға, өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтауға және ресми органдардың ұсыныстарын орындауға шақырады.
Украинадан Қазақстанға бару үшін Қазақстан Республикасының азаматтары жерүсті бағыттарын: Польша немесе Молдова арқылы, одан әрі коммерциялық әуе қатынасын пайдалана алады.
Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарында Шенген визасы болуы керек. Молдоваға кіру үшін виза қажет емес.
Елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондары: +38(044) 4831596, +38(044) 4891031.
Қазақстан азаматтарына арналған сенім телефоны (төтенше жағдай кезінде): +380673470408.