АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Украинадағы қақтығысты реттеу үшін АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің қолдауы қажет, деп мәлімдеді Австрия сыртқы істер министрі Александр Шалленберг.
"Әрине, бізге АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің де қолдауы қажет. Бұл тұрақты, жан-жақты және әділ бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы", - деді австриялық министр Венадағы екіжақты келіссөзден кейін украиналық әріптесі Андрей Сибигамен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Шалленбергтің айтуынша, келіссөздерді қашан, қалай және қай жерден бастау керектігін украин халқы шешуі керек.
"Украинаның қатысуынсыз Украинаның болашағы туралы келіссөздер жүргізу мүмкін емес. Мен үшін бұл негізгі қағида және біз оны қолдауымыз керек. Біздің мақсатымыз – халықаралық құқыққа негізделген жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілік", - деген Шалленберг бұған жету үшін "халықаралық коалиция" қажет екенін айтты.
"Бізге Бразилия, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Үндістан және басқа елдердің қолдауы қажет", - деген Австрия сыртқы істер министрі Еуропалық Одақ шеңберінен шығып, аталған елдермен диалог орнатуға шақырды.