Жылқы шаруашылығы институты құрылды

Жаңа институттың негізгі мақсаты – жылқының асыл тұқымды қасиеттерін жақсартуға және қазақ тұқымын сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған ғылыми-зерттеулер жүргізу
Sputnik
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының негізінде "Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты" ЖШС құрылды. Компанияның негізін қалаушы – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа мекеменің не үшін құрылғанын түсіндірді. Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан президенті өткен жұмада, 15 қарашада Астанада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде Жылқы шаруашылығы институтын тезірек құруды тапсырды.
"Бүгінде институт басшылығы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7%-ға арттыру міндетін алға қойып отыр. Қостанай және Адай сияқты жергілікті жылқы тұқымдарының, сондай-ақ өнімділігі жоғары Мұғалжар мен Көшім генотиптерінің санын кеңейту селекциялық жұмыстардың маңызды міндетіне айналуда", - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осы мақсатта жылқының әртүрлі генетикалық топтары туралы мәліметтер сақталатын ақпараттық деректер банкін; тұқым және эмбрион банкін құру; биелерді қолдан ұрықтандыру пункті бар иммундық генетика зертханасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ арнайы жылқы өсірушілерді дайындау жұмыстары да жүргізіледі.
Мамандандырылған жылқы ветеринарлық клиникасын құру ветеринариялық қызмет көрсету деңгейін айтарлықтай жақсартады және жылқылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.