Су тасқынына дайындық: 1500-ден аса гидротехникалық құрылыс тексеруден өтті

Sputnik
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Қазақстанда 1500-ден аса гидротехникалық құрылыс тексеруден өтті, деп хабарлады Су және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның бассейндік инспекциялары Төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп еліміздегі 1502 гидротехникалық құрылысқа зерделеу жүргізген.
Зерделеу су тасқыны кезеңіне дайындық аясында жүргізілді. Тексеру нәтижесінде гидротехникалық құрылыстардың иелеріне анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар берілді.
"Барлық су қоймасы бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді, жоспар су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетіледі. Көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдауға бос орын қалдыру үшін елдің солтүстік, батыс, шығыс және орталық су қоймаларынан су жіберілді. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау режимінде жұмысын жалғастыруда", - деп мәлімдеді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Имашева.
Айта кетері, елімізде 8 бассейндік инспекция бар. Ол Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас бассейндік инспекциялары.