АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов бидайды тікелей сатып алу кезінде диқандар үшін қолайлы баға қоюды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда астықты тікелей сатып алу тетігі соңғы рет 2011 жылы болған. Содан бері 13 жыл өтті. Биыл астық көп жиналды. Осыған байланысты үкімет бидайды тікелей сатып алу жүйесін қолдануға шешім қабылдады.
"Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алсын", - деді Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің ресми сайтында тікелей сатып алу кезінде бір тонна бидай үшін төленетін ақшаның сомасын жариялады.
Тікелей сатып алу бағдарламасы бойынша алдын ала бағалар:
3-класты бидай (желімтегі 27%+) – 90 000 теңге ҚҚС-пен;
3-класты бидай (желімтегі 25%+) – 80 000 теңге ҚҚС-пен;
3-класты бидай (желімтегі 23%+) – 75 000 теңге ҚҚС-пен;
4-класты бидай (желімтегі 21%+) – 65 000 теңге ҚҚС-пен;
4-класты бидай (желімтегі 18%+) – 55 000 теңге ҚҚС-пен;
5-класты бидай (желімтегі 18%+) – 50 000 теңге ҚҚС-пен;
2-класты арпа (натурасы 630 г/л) – 50 000 теңге ҚҚС-пен.
Астық алдымен шағын шаруа қожалықтарынан сатып алынады.