Статистика саласындағы интеграция: ЕЭК 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті

Sputnik
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Статистика жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың статистика саласындағы интеграцияны дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру бойынша мүше мемлекеттермен келісілген 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді және ЕЭК 2025 жылға арналған статистикалық жұмыс бағдарламасының жобасы да мақұлданды, деп хабарлады ЕЭК.
Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың статистика саласындағы еуразиялық интеграцияны дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын талқылады.
"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы 2023 жылға арналған тауарлардың өзара саудасы статистикасының деректерін салыстыру нәтижелері қаралды және 2025 жылғы деректерді салыстыру үшін сарапшылардың екіжақты кездесулерін өткізу кестесі қалыптастырылды", - деп жазылған хабарламада.
ЕАЭО СЭҚ ТЖ кодтары негізіндегі "Аралық, инвестициялық және тұтыну тауарлары" ұжымдық жіктеу тобының жобасы талқыланды.
Армения Республикасы статистика комитетінің өкілі ЕЭК-ке ресми статистикалық ақпаратты ұсынудың ұлттық тәжірибесі туралы баяндама жасады.
Статистикалық консультативтік комитеттің келесі отырысы 2025 жылдың мамырына жоспарланған.