АСТАНА, 17 қараша - Sputnik. Еңбек және әлеуметтік қорғау, өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері Астана қаласында өтіп жатқан ІХ республикалық WorldSkills Kazakhstan-2024 чемпионатына қатысушылармен танысты, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл салалық ынтымақтастықты арттыру арқылы кәсіби білікті маман даярлауда кешенді тәсіл қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев WorldSkills стандарттарының отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізілгенін айтып, бұл бастаманың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда ерекше маңызға ие екенін мәлімдеді.
"WorldSkills тек беделді байқау ғана емес, сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға және кәсіби еңбектің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған маңызды алаң. Бұл қозғалыс еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен технологиялық прогреске қол жеткізуі үшін қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Салалық министрліктермен ынтымақтастық арқылы біз еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлап, оларды жұмыспен қамтуға жағдай жасаймыз", – деді оқу-ағарту министрі.
Естеріңізге сала кетейік, ұлттық чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 550-ден астам колледж студенті мен 558 сарапшы қатысуда. Чемпионат экономиканың негізгі салаларын қамтитын 30 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды.
Ведомствоның хабарлауынша, чемпионат басталған күнінен бері оны 12 мыңнан астам адам тамашалады. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары келесі жылдың 9-13 қыркүйегі аралығында Данияда өтетін EuroSkills-2025 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғайды.