АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Қазақстанда заң бойынша құрылыс қалдықтары мен ескі жиһазды үйдің жанындағы қоқысқа тастауға болмайды. Ол үшін арнайы алаңдар бар. Ал заңды бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты заңның негізгі нормаларын ұсынады.
Әрбір қала арнайы алаң бар
Экологиялық кодекске сәйкес, қала тұрғындары пәтерді жөндеу кезінде шыққан құрылыс қалдықтарын, сондай-ақ, диван, матрас, жиһаз, матрас сияқты қажетсіз болып қалған көлемді заттарды арнайы орындарға өз күшімен шығаруға міндетті.
"Құрылыс қалдықтары тікелей құрылыс алаңында немесе арнайы орында басқа қалдық түрлерінен міндетті түрде бөлуге жатады. Құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындардан тыс жинақтауға тыйым салынады", - делінген заңда.
Мәселен, Астана қаласында құрылыс қалдықтарын өңдеуге арналған арнайы алаң бар. Ол Павлодар тас жолының 7-ші шақырымында орналасқан. Алматыда екі жерде көлемді қалдықтар қабылданады.
Құрылыс қалдықтарын тапсыру ақысы қандай
Астанадағы арнайы алаңда ұсату кешені бар. Сол арқылы кірпіш, асфальт, бетон және тағы басқа құрылыс қалдықтарын ұсақтайды. Оны ақылы негізді қабылдайды.
жеке тұлғалар үшін 250 келіге дейін тегін;
заңды тұлғалар үшін бір тоннасына 1 300 теңге;
Осылайша, Астанада көлемді заттар мен құрылыс қалдықтарын шығару үшін арнайы көлікті жалдау қажет, я болмаса, қоқыс жинайтын ұйымға ақша төлеп, шығаруға мүмкіндік бар. Ал көлемді заттарға жиһаз, тұрмыстық техника және 50/50 сантиметр көлемінен асатын қалдықтар жатады.
Айыппұлдың көлемі қандай
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабында қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жаза қарастырылған. Осы баптың 2-ші тармағына сәйкес, қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге арналмаған арнайы белгіленген орындардан тыс оларды жинап қою, сол сияқты қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мәлімделмеген қалдықтарды көму әрекеті үшін айыппұлдардың көлемі көрсетілген.
Олар:
жеке тұлғаларға – 50 АЕК (2024 жылда 184 600 теңге);
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (2024 жылда 369 200 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының 100 проценті;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының 200 проценті;
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша хаттама толтыра алады.
Айыппұлдың көлемі:
жеке тұлғаларға - ескерту немесе 20 АЕК (2024 жылда 73 840 теңге);
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (2024 жылда 110 760 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (2024 жылда 147 680 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК (2024 жылда 369 200 теңге);
Айта кетері, бүгінде тәртіп бұзушылар бейнебақылау камералары арқылы немесе тұрғындар түсірген видеоның негізінде анықталады. Сондай-ақ, жыл сайын арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылады.