Биыл қыс қандай болады?

Қазгидромет жаңа маусымға ауа райы болжамын жасады
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Синоптиктер 2024-2025 жылдардағы қыс мезгіліне Қазақстан бойынша дәстүрлі маусымдық ауа райы болжамын жариялады.
Желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігіне циклон жиі ықпал етеді, соған байланысты қар жауып, боран соғады және екпінді жел тұрады деп болжанып отыр.
Еліміздің оңтүстік жартысында жауын-шашын жаңбыр және жабысқақ қар түрінде түседі, таулы аймақтарда қалың қар жаууы мүмкін. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде жиі көктайғақ болып, тұман түседі.
Кей күндері солтүстік-батыс және солтүстік антициклоны ауа температурасын айтарлықтай төмендетеді.
Желтоқсан айында температуралық ауытқу жиілейді:
Қазақстанның солтүстігінде айдың бірінші жартысында ауа температурасы түнде -18 -23-тен -7 -12 градусқа дейін, күндіз -4 +1-ден -8 -13 градусқа дейін ауытқиды деп болжануда. Желтоқсан айының екінші жартысында ауа температурасы түнде -25 -37 градусқа дейін, күндіз -15 -25 градусқа дейін төмендейді, үшінші онкүндіктің кейбір күндерінде аяздың беті қайтады деп болжануда.
Республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде -10 -18-ден 0 -5, күндіз 0 -5-тен +3 +12-ге дейін құбылады. Желтоқсанның үшінші онкүндігінде кей күндері аяз түнде -15 -22, күндіз -5 -13 градусқа дейін күшейеді.
Қыстың алғашқы екі айында – желтоқсан және қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында болады.
Ақпан айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан бір градусқа жоғары болады деп болжануда.
Жалпы, 2024-2025 жылдардағы қыс мезгілінде температуралық режим климаттық норма шегінде болады, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асады деп болжанды.