АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі төлем корпорациясымен бірлесіп банкаралық QR төлемдерін енгізу бойынша пилоттық жобаны бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Пилоттық жоба аясында алғашқы транзакция бүгін қаржыгерлер конгресінде екі банктің арасында жасалды. Банкаралық QR төлем қызметі осы санаттағы төлемдерді жылдам және ыңғайлы жүргізуге жол ашады.
"Атап айтқанда, банкаралық QR төлемдерін енгізу кәсіпкерлік субъектілеріне әртүрлі банктің бірнеше терминалын орнату құнын төмендетуге, ал азаматтарға QR-код арқылы елдегі кез келген банктің терминалы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді", - дейді банк мамандары.
Бұдан бөлек, банкаралық транзакцияларды өңдеу құны төмендейді. Соның арқасында клиенттерге төлем қызметтерін кеңейту есебінен шығынды оңтайландыруға мүмкіндік бар.
Пилоттық жоба кезінде оған қатысушы банктерді кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы жаңа қызмет кеңінен іске қосылады.