ЕАЭО елдерінің кеден ісіне үздік әлемдік тәжірибелер енгізіледі

Бұл ЕАЭО-ны тауарларды жіктеудің халықаралық тәжірибесімен біріктіруге көмектеседі
Sputnik
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық министрі Руслан Давыдов Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Бас хатшысы Йен Сондерспен кездесті, деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.
Тараптар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер кеден органдарының күнделікті қызметіне басқарудың үздік әлемдік тәжірибелерін енгізу бойынша ЕЭК пен ДКҰ арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға келісті.
Кездесу Рио-де-Жанейродағы ДСҰ технологиялық конференциясы мен көрмесі (WCO Technology Conference & Exhibition) аясында өтті.
"Тараптар өзара іс-қимылдың келешектегі бағыттарын, оның ішінде ЕЭК пен ДКҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелерін талқылады", - делінген хабарламада.
Руслан Давыдов ЕЭК өз өкілдерінің ДКҰ жұмыс органдарына жүйелі қатысуына, сондай-ақ ұйымның онлайн білім беру платформасына қолжетімділікті қамтамасыз етуге ЕЭК-тің мүдделі екенін айтты. Бұл ЕЭК қызметкерлеріне кеден саласындағы әлемдік және озық тәжірибені зерделеуге мүмкіндік береді.
"Комиссия мен ДКҰ Үйлестірілген жүйе жөніндегі комитеттің өзара іс-қимылы ЕАЭО-да қолданылатын жіктеу тәсілдерін тауарларды жіктеудің халықаралық тәжірибесімен біріздендіруге ықпал етеді", - деді Давыдов.
Жыл сайын Дүниежүзілік кеден ұйымы WCO Technology Conference & Exhibition ұйымдастырады және кеден ісімен айналысатын ұлттық кеден әкімшіліктерінің, халықаралық ұйымдардың және технологиялық компаниялардың өкілдерінің басын қосады. Биыл конференцияға 117 елден 1300-ге жуық делегат қатысты.
Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) – кеден және тариф саясатын реттеу саласындағы халықаралық үкіметтік емес, тұрақты ұйым. Ұйымға 186 мемлекет мүше, олардың үлесіне әлемдік сауданың 98%-ы тиесілі.