АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. "AMANAT" партиясы Перизат Қайрат басқаратын "Biz Birgemiz"қорына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде "AMANAT"-тың қор жұмысына қатысы бар деген ақпарат тарап жатыр.
"Осыған байланысты "AMANAT" партиясы "Biz Birgemiz" қорының құрылтайшысы саналмайтынын (толық атауы: "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" ҚБ) және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін түсіндіре кету қажет деп санаймыз", - делінген ресми хабарламада.
Партияның "Жастар Рухы" атты жастар қанаты бар. Биыл олар су тасқыны кезінде апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетті.
"Сол кезде белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымдары жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты. Соның ішінде "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі де болды", - дейді партия өкілдері.
Айта кетері, 14 қарашада қаржылық мониторинг агенттігі "Biz Birgemiz" қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталғанын хабарлады.
Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін айыпталып отыр.