Алтын монетамен табыс табуға болады: Ұлттық банк жаңа жобаны жариялады

Алтын монеталарды кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен онлайн сатып алуға және сатуға болады
Sputnik
АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Қазақстанның Ұлттық банкі "Цифрлық инвестициялық монета" жобасы іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Цифрлық инвестициялық монета
Жоба аясында алтын монеталар "TABYS" мобильді қосымшасы арқылы сатылады. Оны кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен онлайн сатып алуға және сатуға болады.
"Цифрлық баламадағы инвестициялық монетаның құны LBMA (Лондон бағалы металдар нарығына қатысушылардың қауымдастығы) белгілеген алтынның салмағы мен бағасына сай және Ұлттық банк белгілеген АҚШ долларының теңгеге шаққандағы айырбас бағамы негізінде теңгемен есептеледі", - делінген ресми хабарламада.
Алтын монеталарды сатып алуға, ұлттық банкке кері сатуға, сыйлауға, сондай-ақ олардың жеткілікті саны жинақталған кезде ұлттық банктің аумақтық филиалдарында заттай алтын инвестициялық монетаға айырбастауға мүмкіндік болады.
Цифрлық инвестициялық монета
Осы жоба үшін арнайы жаңа ÚKI инвестициялық монетасының эксклюзивті дизайны әзірленіп отыр. Оның салмағы 31,1 грамм, номиналы 100 теңге, алтын сынамасы – Аu 999,9.
"Цифрлық инвестициялық монета" жобасын 2025 жылдың I тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.