АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Сенат депутаттары Қазақстан мен Катар арасындағы әскери ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Келісім аясында әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, әскери медицина, мәдени және спорттық іс-шаралар, сондай-ақ, бейбітшілікті қолдау операциялары бойынша ынтымақтастықты дамыту қарастырылған. Әскери мүлік транзиті, әуе кеңістігі мен полигондарды пайдалану да бар.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, бірлескен шаралар кезінде тілдік кедергілер болмайды.
“Катар әскери қызметшілерінің басым көпшілігі ағылшын тілін біледі, оқу-жаттығулар және басқа да шаралар кезінде ағылшын тілін пайдаланатын боламыз”, - деді Жазықбаев сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қазақстандық әскерилер Қатар елінде араб тілін де үйренеді.
“Ал Катар тарапынан талпыныс болса, ұлттық қорғаныс университетінде қазақ тіліне үйретеміз. Орыс тілін де оқыта аламыз. Әзірше, қазақ тіліндегі магистратура қарастырылып отыр”,- деп атап көрсетті Жазықбаев.
Айта кетері, бұған дейін Қазақстан осы іспеттес келісімді екі мемлекет - Ресей мен Қырғызстанмен рәсімдеген.