АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда көлемі биыл 8 айда 600 млн долларды құрады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Қазақстанның (экспорттағы үлесі 10,2%) ұн және басқа да өнімдері Беларусь нарығында сұранысқа ие. Сондай-ақ биыл 9 айда автомобиль тасымалы көлемі 19%-ға артып, 450,6 мың тоннаға жетті, салада оң динамика байқалады.
Қазақстан мен Беларусь үкіметтері өнеркәсіп кооперациясын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуде. Жалпы пулға 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, құны $277,5 млн-ды құрайтын 14 жоба кіреді. Оның ішінде Қазақстан өңірлерінде $200 млн-нан астам сомаға 11 бірлескен кәсіпорын іске қосылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды.
"Зауыттарда тракторларды, астық және жемшөп жинайтын комбайндарды, тіркелмелі ауылшаруашылық техникаларын құрастырады. Тағы 3 жоба іске асыру сатысында тұр", - деп жазылған хабарламада.
Темір жол өнімдерін шығаратын және Беларусь еліне рельстерге бекітілген шпалдар, фитингтік платформалар, темір жол дөңгелектері, тораптар және агрегаттар жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі бар қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Беларусь премьер-министрі Роман Головченко Минск қаласында келіссөз жүргізіп, бірқатар құжатқа:
2025-2029 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы;
"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ мен Беларусь Республиканың Ұлттық туризм агенттігі арасындағы экологиялық, медициналық, тау шаңғысы, ауыл туризмі және балалар мен жасөспірімдер туризмі саласында тәжірибе алмасуды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімге;
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды.