АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Қазақстанның бес өңірінде спорт нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл спорт нысандары тиімсіз басқарылған, кәсіпкерлерге негізсіз берілгендері де бар:
Атырау облысындағы "Мұз сарайы" (2018 жылы "Байбарыс-Атырау" хоккей клубының басқарушысы – жеке кәсіпкерге негізсіз берілді);
Алматы қаласындағы "Халық Арена" және "Алматы Арена" (бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде өтеусіз негізде жеке ұйымның басқаруында болған);
Батыс Қазақстан облысындағы футбол алаңы бар стадион (жеке ұйымның сенімгерлік басқаруында болды);
Шымкент қаласындағы "Мұз сарайы" спорт кешені (7 жыл бұрын 67% үлесі 128 млн теңгеге сатылған);
Жамбыл облысындағы "Айша бибі" су полосы клубы (2017 жылы жекешелендірілген және жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылған).
Қазіргі кезде барлық нысан коммуналдық меншікке өткізілді.