"Мәдениеттің не екенін білмейтін басшылар толып жүр": депутат министрге неге шүйлікті

Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Мәжілістегі "Ақжол" фракциясы премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, мәдениет қайраткерлері көтеріп жүрген мәселені шешуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, кейінгі бір жылда мәдениет саласы наразылықтар шеруіне, ал ақпарат саласы соттасу алаңына айналды. Жарты жылдың ішінде мәдениет қайраткерлері 6 рет ашық хат жазып, мемлекет басшысы мен парламенттен көмек сұрады.
Мәселен, кеше ғана екі Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған мәдениет қайраткерлері президенттен кино саласындағы жағдайды бақылауға алуды өтінді. Себебі "кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, ал жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып жатыр". Барлығы мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек деп отыр.

"Хатта жазылғандай, "Қазақфильм" киностудиясында да, ұлттық киноны қолдау орталығында да бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл "ауруханада бірде-бір дәрігер жоқ" дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?! Мәдениет саласына мәдениеттен хабары жоқ кім көрінгенді басшы қылатындай мәдениет салалары, ұлттық кино эксперимент жасайтын орган ба?", - деді Иса мәжілістің бүгінгі отырысында.

Депутат мамандығы киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бір күн де кинода істемеген адамның "Қазақфильмге" басшы етіп келуіне де нарызылық білдірді.
"Жалпы, мәдениет саласында қазір мамандығы мәдениетке жақындамайтын, мәдениеттің не екенін білмейтін басшылар толып жүр. Мәдениет және ақпарат министрінің өзінің мамандығы да мәдениет пен ақпарат саласына ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан да мәдениет министрлігінің үстінен мәдениет қайраткерлерінің президентке жазған арызы қарша борауда", - деп атап көрсетті Иса.
Сахнаға мас күйінде шығатын әртістердің гонорарын алып қою ұсынылды