АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Туризм және спорт министрлігі мүгедек спортшылар үшін жаңа заң жобасын әзірледі, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құжатта маңызды жаңашылдық ретінде "мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші" ұғымы енгізіледі. Бұл жаңа ереже бірінші топтағы мүгедек спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
"Мүгедек спортшылар үшін арнайы көмек көрсету жүйесін енгізу – бұл еліміздегі спортты барынша инклюзивті ету жолындағы маңызды қадам. Біз барлық азамат үшін тең мүмкіндік ұсынуға бағытталған саясатты жалғастырамыз", – деп атап өтті туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл өзгеріс спорттағы инклюзивтілікті арттырып, мүгедек азаматтардың спортқа қатысуына қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді.