АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Павлодарда кальянға әуес азаматтарға 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлады Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері полицейлер рейдтік іс-шаралар барысында аймақтағы ойын-сауық мекемелерінде кальян қолданудың 15 фактісін анықтады.
"Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылған темекі қосылған өнімдерді, кальянға арналған темекіні, кальян қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін, электронды тұтыну жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған жерлерде тұтынғандар жазаланды. Олардың әрқайсысына 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар 8 мекеме әкімшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Қуаныш Мұстафинов.
Мұстафиновтың айтуынша, жыл басынан бері жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдері мен электронды темекілерді тұтынуға тыйым салуды бұзған 33 азамат жауапкершілікке тартылған.
Айта кетері, заңбұзушылықтардың "Учаске" жедел-алдын алу шарасы барысында жолы кесілді. Бұл шара аясында полиция қызметкерлері ойын-сауық мекемелері мен компьютерлік клубтар аумағында қылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті рейдтік іс-шаралар жүргізді.
"Учаске" шарасы басталғалы 6 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 203 ұсақ бұзақылық фактісі анықталды. Алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарға мас күйінде шыққаны үшін 618-ден астам азамат жауапкершілікке тартылды.