"Өмірге қауіпті": Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады

Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлады Polisia.kz.
Ведомство мамандары жолдың жанында шанамен сырғанау сияқты қысқы ойындар өмірге қауіпті екенін ескертті.
"Балалар көбіне айналасындағы қатерді байқамайды және сырғанап жүріп жолға шығып кетеді. Бұл олардың жарақаттануына немесе жол апатына әкелуі мүмкін", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ол балаларға негізгі қағидаларды түсіндіру қажеттігін атап өтті:
тек жаяу жүргіншілер жолымен жүру керек;
жолдың жанында ойнауға болмайды;
жолды кесіп өту кезінде екі жаққа да қарауды әдетке айналдыру;
қыста балалар жүргізуші көретіндей ашық түсті, көзге көрінетін киім кигені жөн.