АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгеріс енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осы құжат бойынша легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыруға да тыйым салынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұдан былай спорттық клубтар легионерлерді тек демеушілердің қаржысына тарта алады. Ал бюджеттен ақша алуға болмайды.
"Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен алаңда үлкен жетістік жасауды білмеген легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуді тоқтату туралы норма қабылданды. Оған қоса бюджет қаржысының нақты қайда жұмсалуы керектігі айқын жазылды", - дейді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, кәсіби клубтарды мемлекеттік қаржыландырудың лимиті де бекітіледі. Ал үнемделген қаражат балалар және жасөспірімдер спортын дамытуға жұмсалады.
"Спорт интернаттарына, спорт резервіне, спорттық нысандарды жаңғыртуға және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жіберіледі", - деп атап көрсетті Мырзабосынов.
Айта кетері, жаңа заң жобасы бойынша спорт резерві жоғары жетістіктер спортының түрлері бойынша ғана даярланатын болады.