Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Чехия премьері Трамппен сөйлескеннен кейін Украина туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 132 қараша - Sputnik. Украинадағы қақтығысты шешу оңай болмайтынын бәрі түсінеді, деді Чехия премьер-министрі Петр Фиала АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуіне түсініктеме бере отырып.
Бакуде БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенциясы (COP29) Тараптар конференциясының 29-шы сессиясына қатысқан Фиала Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Сейсенбіде Фиала журналистерге осы әңгіменің кейбір тұстарын ғана баяндады.
"Трамп сізге Украинадағы қақтығысты тоқтату жоспары туралы айтты ма?" деген сұраққа Фиала АҚШ-тың жаңа сайланған президентімен арада болған әңгіменің мазмұнын аша алмайтынын мәлімдеді.
"Бірақ менің ойымша, Украинадағы қақтығысты шешу оңай болмайтынын бәріміз түсінеміз", - деді Фиала.
Чехия премьер-министрінің айтуынша, Трамппен әңгіме оны қатты таңғалдырған.
"Әңгіме мені таңғалдырды. Өйткені біріншіден, бұл шын мәнінде ашық пікірталас болды. Дональд Трамп менен Украина-Ресей жанжалына және оны шешуге деген көзқарасымды сұрады. Екіншіден, әңгімеміздің жайлы әрі тату сипаты мені таңғалдырды", - деді Фиала.
Трамп жас күнінде сол кезде біртұтас мемлекет болған Чехословакияға барған. Трамптың 2022 жылы қайтыс болған бірінші әйелі және үш баласының анасы Ивана осы елдің тумасы болған.
Бұған дейін осы жылдың сәуір айында Фиала Ақ үйде АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденнің қонағы болды.