АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Астанада биік үйдің тұрғындарын тікұшақпен эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өтеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған екі дрон алғаш рет сатып алынбақ. Алдағы уақытта құтқарушылар адамдарды тікұшақпен эвакуациялап жаттығады.
"Астана қаласының зәулім үйлеріндегі тұрғындарды эвакуациялауға тікұшақ қолдана отырып, жаттығу өткізуді алғаш рет жоспарлап отырмыз",-деді Әрінов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал Ақмола облысында пилоттық жоба аясында өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды. Бұл бастама зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстар азаматтарды өрт кезінде өзін-өзі құтқару дағдыларына кезең-кезеңімен үйретеді, осылайша қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттырамыз",-деп атап өтті министр.