Екі жылда интернет-алаяқтық істерінің саны 270%-ға өсті – Жоғарғы сот

Sputnik
АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Биыл 2022 жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтыққа қатысты азаматтық істер 270 пайыздан астам өскен. Бұл туралы Жоғарғы сот Халықаралық кеңесінің отырысында айтылды.
Судьялар Қылмыстық кодексте интернет-алаяқтық құрбандарының мүдделерін қорғауға қатысты тиісті бап болмағанымен, жәбірленушілерді қорғаудың азаматтық-құқықтық әдістері бар екенін атап өтті.
"Азаматтық істер бойынша соттарға талап арыздардың екі санаты беріледі: "дропперлерден" қаржыны өндіру туралы және азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарсы талаптары", - деп жазылған Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жиынға қатысушылар электронды төлем құралдарын пайдалана отырып несие беру саласындағы жауапкершілікті арттыру арқылы қылмыстық заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.
Сондай-ақ заңнамаға онлайн несие беру кезінде міндетті биометриялық аутентификация және зейнеткерлер мен халықтың осал топтары үшін шектеулер енгізу туралы түзетулер ұсынылып отыр.
Несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгені сот актісімен анықталған кезде несиелік ұйымдар қарызды есептен шығаруға міндеттеледі, бұл жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді.
"Бұл норма несиелік ұйымдарды берілген несиелердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға ынталандыруы тиіс", - деп жазылған хабарламада.
Халықаралық кеңес әзірлеген ұсынымдар уәкілетті органдарға жіберіледі.
Алматыда полиция алаяқтардың төрт call-орталығын жойды