АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Қазақстан бизнесмендері Шанхайдағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) ет және май өнімдерін, құрғақ түйе сүтін, шырын мен мармелад жеткізуге 120 млн доллар сомасына келісімшартқа қол қойды, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Ал өткен жылғы көрмеде 81 млн долларға келісімшарт жасалған еді.
"Негізгі инновациялардың бірі TikTok платформасында қазақстандық өнімдерді онлайн-сатудың ашылуы болды. Қытайлық Jiangsu Soho Holding Group Co., Ltd компаниясымен әріптестікте бүкіл әлемнен келген көрермендерге Қазақстаннан жеткізілген тауарлар ассортиментімен танысуға және оларды нақты уақытта сатып алуға мүмкіндік беретін стриминг өткізілді. Онлайн-сату барысында екі күнде 450 мың юань ($62 мың) сомасына өнім сатылды", - деп жазылған хабарламада.
Шанхай көрмесінде Қазақстан екі ұлттық стендпен таныстырылды: Коммерциялық және Ұлттық павильондар қойылды. Көлемі 132 шаршы метрді құрайтын Ұлттық павильонда қазақстандық экспортты ілгерілетуге ықпал ететін өнімдер мен қызметтер ұсынылды. Биыл коммерциялық павильонның ауданы 120-дан 260 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. "Тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі" секторына 50-ге жуық қазақстандық өндірушілер қатысты.