АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. БҰҰ Бас Ассамблеясының Үшінші комитеті нацизмді дәріптеуге қарсы күрес туралы ресейлік резолюцияны қабылдады, деп хабарлайды РИА Новости.
Құжатты Армения, Беларусь, Қытай, Мали, КХДР, Сербия және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты ондаған мемлекет бірлесіп жазған.
Резолюцияға 116 мемлекет дауыс берді, 54 мемлекет қарсы болды, оның ішінде: Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Венгрия және Жапония бар. 11 мемлекет қалыс қалды.
Ресей дайындаған құжат 74 тармақтан тұрады. Атап айтқанда, ол "Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мен нәтижелерін қайта қарауға жол бермеу үшін мемлекеттерді адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес тиісті нақты шараларды, оның ішінде заңнамалық және білім беру салаларында қабылдауға шақырады".
Бастама авторлары сонымен қатар нацизмді дәріптеу мен насихаттауға қатысты оқиғаларды, мысалы, нацистік мазмұндағы граффити мен суреттерді салуды, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштерге осындай суреттер салуды қатаң айыптайды. Сонымен қатар, мәтінде нацистік режим мен оның одақтастарының "кез келген салтанатты мерекелеріне" тыйым салу туралы ұсыныс айтылған.
Құжат мемлекеттерді нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысанын тиісті құралдармен, қажет болса, заңнамамен де жоюға шақырады.
Сонымен қатар, қарар жобасында нәсілшілдік, кемсітушілік, өшпенділік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын оқу материалдары мен оқыту риторикасын пайдалану қатаң түрде айыпталады.
Бұл ретте үшінші комитет құжатқа Ресейдің арнайы әскери операция өткізуді неонацизмге қарсы күреспен негіздеуге тырысқаны туралы түзету енгізді. Оған 66 ел дауыс берсе, 43-і қарсы, 51-і қалыс қалған.
Түзетуге Албания, Австралия, Жапония, Маршалл аралдары, Оңтүстік Корея және Норвегия демеушілік жасады. Батыс елдерінің бір тобы оны қабылдаса, Ресей өз қарарының мәтінінен бас тартады және оған дауыс бермейді деген үмітпен енгізді. Алайда, бұлай болған жоқ екенін ескеру керек.
РФ сыртқы істер министрлігінің адам құқықтары жөніндегі көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Григорий Лукьянцев бұл түзету қарарды саясиландыратынын және "ашық арандатушылық" екенін айтты.