Қазақстан 2025 жылдың сәуіріне дейін 11 млрд текше метр су алады

Орталық Азия елдерінің министрлері су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті
Sputnik
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Қазақстан Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады. Су 1 сәуірге дейін еліміздегі Шардара су қоймасына түседі, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді.
Келісім Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 87-ші отырысында жасалды. Отырыс Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтті. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Ал Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде барды.
Отырысқа қатысушылар Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті, сонымен қатар 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне Орталық Азия елдеріне су беру көлемін айқындады.
"Биыл біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң баға беремін. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісім жасалды, сондай-ақ биыл суару маусымында "Бахри-Точик" су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды", – деді министр Нұржан Нұржігітов.
Келесі 88-ші отырыс 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.